Сайлауға санаулы күндер қалса да, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы үгіт-насихат жұмысын бәсеңдеткен жоқ. Партия өкілдері мен кандидаттар ел-елді аралап, тұрғындармен кездесуді жалғастырды.
Өндірісті өлке – Павлодар облысында да сайлауалды науқан қарқын алған. Филиал төрағасы Думан Тоқашев Май және Аққулы аудандарына барып, халықпен бетпе-бет жүздесті.
Павлодар облысының Май ауданы бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонының аумағына кіретін өңірлердің бірі. Мұнда бұрынғы полигонға тиесілі 285,9 мың гектар жер бар.Әсіресе, Ақжар және Малдар ауылдық округтерінің елді мекендері ең жоғары радиациялық қауіпті аймаққа жатқызылған. Сондықтан мұнда экология мәселесі өзекті.
Жасылдар партиясы өкілдерімен жүздескен тұрғындар осы бағытта түрлі түйткілді көтерді. Атап айтқанда, радиациялық жағдайды тұрақты әрі ашық бақылау, топырақ, су және азық-түлік қауіпсіздігін зерттеу, ластанған аумақтарды анықтау және қалпына келтіру, радиациялық мониторинг нәтижелерін халыққа ашық жариялау. Бұдан бөлек тараптар инфрақұрылым, ауылдарды дамыту, халықтың өмір сүру сапасын көтеру сынды мәселелер төңірегінде де пікір алмасты.
Ауыл-аймақты аралаған партия өкілдері үгіт-насихат материалдарын тиісті орындарға іліп, тұрғындарға таратты. Олар көпшілікті 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауына белсенділік танытып, таңдау жасауға шақырды.






