Ұлытау облысында «Байтақ» жасылдар партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстыру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Партия өкілдері Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде кездесу өткізді. Жиынға музей қызметкерлерімен қоса, облыстық мәслихат депутаты, ардагерлер кеңесінің мүшелері, партия өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, өңірлердің тұрақты дамуы, халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесі талқыланды.
Шараға қатысушылар, әсіресе, экологиялық қауіпсіздік, Ұлытау өңірінің табиғи және тарихи-мәдени мұрасын сақтау мәселесіне назар аударды. Тараптар табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және қоршаған ортаны қорғаудың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды екенін атап өтті.
Кездесу ашық диалог форматында өтті. Тараптар партияның сайлауалды бағдарламасы бойынша пікір алмасып, өңірдің даму перспективаларына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.






