Бүгін, 23 тамызда Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы басталды. Елдегі сайлау учаскелерінің көпшілігі таңертеңгі сағат 7-де ашылды. Алайда кейбір жерлерде сайлау учаскелері одан бір сағат бұрын, яғни сағат 6-да жұмысын бастады. Ресми ақпаратқа қарағанда, республика бойынша 10 мыңнан астам сайлау учаскесі бар.
Сондай-ақ, Қазақстанның шетелдегі мекемелері жанынан 61 мемлекетте 79 сайлау учаскесі құрылған. Сыртқы істер министрлігінің дерегінше, тіркелген сайлаушылардың жалпы саны - 11 402 адам. Сағат 08:00-дегі жағдай бойынша шетелде 26 сайлау учаскесі ашылды. Алғашқы болып дауыс беруді Токио мен Сеул қалаларындағы отандастарымыз бастады. Ол – Астана уақытымен сағ. 03:00 еді. Жалпы, осы уақытқа дейін сайлау учаскелеріне келіп дауыс бергендер саны - 228 адам.
145 депутаттан жасақталатын бір палаталы Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия қатысып жатыр. «Ауыл», «Ақ жол», «Байтақ» жасылдар партиясы, «Әділет», ЖСДП, «Республика», «Қазақстан халық партиясы» саяси науқанға жиыны 500-ден астам кандидат ұсынған.



