Бүгін «Байтақ» партиясының экологиялық керуені мен үшін жүрекке ерекше жақын Жамбыл облысына келіп жетті.
Бұл — менің туған жерім.
Осы өңірдің топырағында балалық шағымның ізі, жүрегімде өшпес естеліктерім бар. Сондықтан Жамбылға келген әр сапардың мен үшін орны бөлек.
Бірақ бүгін мен бұл жерге туған жерін сағынған азамат ретінде ғана емес, ел алдындағы жауапкершілікті арқалаған «Байтақ» партиясының төрағасы ретінде келіп тұрмын.
Біз Қазақстанның әр өңірін аралап, халықпен кездесіп келеміз. Аралдан бастап, Қызылорда, Түркістан өңірлері арқылы бүгін Жамбылға жеттік.
Көргеніміз де, естігеніміз де көп.
Халықтың табиғатқа алаңдайтынын көрдік.
Таза ауаны, таза суды, жасыл ортаны қалайтынын естідік.
Балаларының қандай Қазақстанда өмір сүретінін ойлайтынын түсіндік.
Бұл — тек экология мәселесі емес. Бұл — ұлттың болашағы туралы мәселе.
Мен туған Жамбыл жерінде тұрып тағы бір нәрсеге көз жеткіздім: Қазақстанның әр өңірінің мәселесі әртүрлі болғанымен, халықтың арманы бір.
Ол — таза, әділетті, қауіпсіз және болашағы бар Қазақстан.
Біз табиғатты қорғауды — мемлекетті қорғау деп білеміз.
Ал суды қорғауды — ұрпақтың болашағы деп білеміз!



