Саяси науқанның аяқталуына санаулы күндер қалса да, BAYTAQ жасылдар партиясының үгіт-насихат жұмысы бәсеңдеген жоқ. Республикалық штаб өкілі Батыржан Сейдомар мен кандидаттың сенімді өкілі Мақсат Жүсіпов Алматы облысы Қарасай ауданындағы Долан ауылына барып, мектепте ұстаздар қауымымен кездесті.
Жиында ел мен жас ұрпақтың болашағына тікелей әсер ететін экология мен білім беру мәселелері талқыланды. Мұғалімдер қоршаған ортаның қазіргі жағдайы, жастарға экологиялық тәрбие беру, білім беру инфрақұрылымын дамыту және мұғалімдер мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.
Партия өкілдері экологиялық мәдениетті қалыптастыруда білім беру саласының рөлі ерекше екенін атап өтті. Олардың пікірінше, бала кезден табиғатты қорғау құндылықтарын қалыптастыру – қоршаған ортаға жауапты көзқарасты тәрбиелеудің маңызды шарты.
Жиын ашық диалог форматында өтіп, педагогтердің пікірін тыңдауға және білім беру мен экология саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік берді. BAYTAQ партиясы табиғатты қорғау, сапалы білім беру және елдің тұрақты дамуы бағытындағы бастамаларды қолдайтынын жеткізді.







