Baytaq жасылдар партиясының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат науқаны аясында еліміздегі жетекші өндіріс орындарының бірі – «КЕЛЕТ» компаниясына барып, ұжыммен кездесті.
Шарада партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтары таныстырылып, өндіріс пен экологияның үйлесімді даму мәселесі талқыланды.
Партия өкілдері кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтуға бағытталған экологиялық шешімдері жайлы сұрап білді. Белгілі болғандай, компания өндірістік ағын суды тазартудың көпсатылы жүйесін енгізген. Онда судың сапасы тұрақты бақылаудан өтіп, рН деңгейі тексеріледі. Құрамында ауыр металдар бар өндірістік қалдықтар бөлек жиналып, арнайы тәртіппен кәдеге жаратылады. Сонымен қатар өндірістік үдерістер атмосфераға шаң-тозаңның таралуын барынша азайтатындай ұйымдастырылған.
Айта кетейік, «КЕЛЕТ» 33 жылдан бері Қазақстанда жұмыс істейтін компания. Сорғы жабдықтарын, жылыту техникасы мен инженерлік жүйелерді өндіреді. Кәсіпорын отандық шикізатты пайдаланып, қазақстандық өндірісті дамытуға үлес қосып келеді.





