2025 жылдың 22 қыркүйек күні Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Швеция Корольдігінің белгілі саясаткері, «Жасылдар» партиясының мүшесі, Риксдагтың (Парламент) бұрынғы депутаты Стефан Нильсонмен онлайн-кездесу өткізді.

22 сентября, 2025

Кездесу барысында Азаматхан Әміртаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған парламенттік реформа бастамасы туралы С. Нильсонға жан-жақты ақпарат берді. Бұл реформа елдегі заң шығарушы билік жүйесін жаңғыртуды көздейді. Ұсыныстардың негізгі тармағы — Сенатты таратып, бір палаталы Парламент үлгісіне көшу. Осы мәселеге қатысты жалпыұлттық референдум 2027 жылға жоспарланған.
Стефан Нильсонға Мемлекет басшысының депутаттарды тек партиялық тізімдер бойынша сайлау жөніндегі ұсынысы да таныстырылды. Бұл қадам Сенаттың таратылуына және Парламент құрылымының жаңаша қалыптасуына алып келеді.
Парламенттік реформаға қатысты ұсыныстар 2027 жылы өтетін республикалық референдумда халық талқысына ұсынылады. Реформа мақұлданған жағдайда өзгерістер Конституцияға енгізілмек.
Сонымен қатар, Қазақстан басқару формасы бойынша президенттік республика болып қала береді. «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты өзгеріссіз сақталады.
Азаматхан Әміртаев «Байтақ» жасылдар партиясы өз саяси реформаларын тұрақты даму міндеттерімен байланыстыратынын атап өтті. Атап айтқанда:
а) экологиялық күн тәртібін парламенттік реформаға енгізу;
ә) Парламентте экологиялық бағыттағы күштердің өкілдігін арттыру қажеттілігі.
Ол сондай-ақ «Байтақ» партиясы демократияны дамытуға, ашықтықты күшейтуге және биліктің азаматтық қоғам алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған реформаларды толық қолдайтынын айтты.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауқымды саяси, әлеуметтік-экономикалық реформаларын, «Таза Қазақстан» мен «Әділетті Қазақстан» бастамаларын жүзеге асыруға толық әрі сөзсіз қолдау білдіретінін атап өтті.
Стефан Нильсон Азаматхан Әміртаевқа Қазақстандағы парламенттік реформа жөнінде берілген жан-жақты ақпарат үшін алғыс білдіріп, реформаның табысты іске асуы Қазақстанның одан әрі орнықты, әділетті, экологиялық және жаңғырған мемлекетке айналуына зор үлес қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Швеция жасылдар партиялары арасында өзара тиімді әріптестікті және тәжірибе алмасуды нығайту жөнінде ұсыныс білдірді.