«Байтақ» партиясы экологтармен қорытынды кездесуді өткізді

13 марта, 2026

Бүгін Астана қаласындағы Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының орталық кеңсесінде экологиялық қауымдастық өкілдерімен кездесу өтті. Іс-шара алдағы конституциялық референдум қарсаңында ұйымдастырылған түсіндіру жұмыстарының қорытынды кездесулерінің бірі болды.

Кездесу барысында қатысушылар жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен оның қоғам өміріне ықпалы туралы пікір алмасты. Әсіресе құжатта қарастырылған экологиялық нормалар, қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Партия өкілдерінің айтуынша, соңғы апталарда «Байтақ» партиясы еліміздің барлық өңірлерінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Республика бойынша 500-ден астам кездесу, сараптамалық пікірталастар мен ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, азаматтарға Конституциялық өзгерістердің маңызы түсіндірілді.

Кездесу соңында қатысушылар конституциялық референдумның ел болашағы үшін маңызын атап өтіп, азаматтарды жауапкершілікпен шешім қабылдауға және маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.