«Байтақ» жасылдар партиясы Тараз қаласындағы «Қазфосфат» өндірістік кәсіпорнының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесудің негізгі мақсаты – өндірістің қоршаған ортаға әсері және кәсіпорынның экологиялық жауапкершілік деңгейін саралау болды.
Партия өкілдері тарапынан экологиялық талаптарды сақтау, өндіріс қалдықтарын қауіпсіз өңдеу, ауа мен су ресурстарының ластануын болдырмау мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында кәсіпорын мен партия арасында бірлескен мониторинг жүргізу және тұрақты қоғамдық бақылау орнату ұсынылды.
«Байтақ» партиясы өндірістің дамуын қолдай отырып, табиғатқа деген жауапкершіліктің еш шегінбеуі тиіс екенін қатаң ұстанады. Экология мен экономика арасында тепе-теңдік орнатып, болашақ ұрпаққа таза әрі қауіпсіз орта қалдыру – біздің басты мақсатымыз.