Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Халықаралық экологиялық саммит өтеді

13 февраля, 2026

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда халықаралық деңгейдегі ірі экологиялық саммит өтпек. Бұл – еліміздің экология, климат және тұрақты даму мәселелеріндегі жаһандық күн тәртібіне белсенді түрде қосылып отырғанын айқындайтын маңызды қадам.

Аталған саммит ауқымы, мазмұны және қатысушылар құрамы жағынан бұрын-соңды болмаған деңгейде ұйымдастырылмақ. Халықаралық сарапшылар, экологиялық ұйымдар, ғылыми қауымдастық өкілдері мен саясаткерлер бір алаңда бас қосып, климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды сақтау, «жасыл» экономикаға көшу және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты талқылайды.

Мемлекет басшысы ұсынған бұл бастама – экологияны тек салалық мәселе ретінде емес, ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың стратегиялық факторы ретінде қарастыратын саяси ұстанымның көрінісі. Қоршаған ортаны қорғау, адам денсаулығы мен болашақ ұрпақтың өмір сапасын сақтау – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі.

Осы орайда Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Президент бастамасымен өтетін халықаралық экологиялық саммитті толық қолдайды. «Байтақ» партиясы экологиялық саясатты мемлекеттік басқарудың өзегіне айналдыруды, табиғи ресурстарды пайдалануда жауапкершілікті күшейтуді және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл тұрғыда алдағы саммит – Қазақстанның экологиялық күн тәртібін халықаралық деңгейде бекітіп, жаңа серіктестіктер мен практикалық шешімдерге жол ашатын маңызды платформа.

Жаһандық экологиялық сын-қатерлер күшейіп тұрған кезеңде мұндай бастамалар елдің халықаралық беделін арттырып қана қоймай, әділетті, жасыл әрі жауапты даму моделіне нақты қадам жасауға мүмкіндік береді.