Қазақстанда жаңа «Байтақ» экологиялық партиясы тіркелді
«Саяси партиялар туралы» Заңның 10-бабына сәйкес 2022 жылғы 28 қарашада «Қазақстанның «Байтақ» жасыл партиясы» қоғамдық бірлестігі Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтті», – деп хабарлады баспасөз қызметі.
Тіркеуге 2022 жылғы 24 қыркүйекте өткен саяси партияны құру туралы құрылтай съезі, сондай-ақ «Саяси партиялар туралы» Заңның 6-10-баптарына сәйкес ұсынылған құжаттар негіз болды.
Әділет министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта саяси партиялар туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты партияларды құру тәртібі айтарлықтай жеңілдетілді:
азаматтардың бастамашыл тобының ең аз саны 1000-нан 700 адамға дейін қысқартылды;
құрылтай съезінің ұзақтығы 2 айдан 3 айға дейін ұзартылды;
тіркеу шегі 20-дан 5 мың партия мүшесіне дейін қысқартылды;
аймақтық бөлімшелердің ең аз саны 600-ден 200 адамға дейін қысқартылды;
партия филиалдарын құру мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылды.