Шөлді аймақтарда да жайқалған орман өсіруге болады

Мамыр 18, 2023

«Байтақ» партиясының Төрағасы Азаматхан Амиртаев қызметтік іс-сапармен киелі Түркістан облысына келді. Ең бірінші Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, бабалардың рухтарына Құран бағыштады.

Іс-сапар барысында партия көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Ботаникалық бағының жұмыс барысымен танысты. Шөлді аумақта ағаш өсіру әдістері жайлы білді.

Бұл университет базасында құрылған және бірегей генофонды бар Қазақстандағы тұңғыш ботаникалық бақ. Ол түрлі зерттеулерге негіз бола алады. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстандағы Арал-Сырдария ауданын көгалдандыруда маңызды рөл атқарады. Азаматхан Сайлауұлы: «Шөлді аумақта керемет ботаникалық бақты қалай өсіру керектігімен танысып жатырмыз.

Бұл тәжірибені біз Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарында пайдалануымыз керек. Байқасаңыздар, мына жерге қылқанжапырақ ағашын отырғызған. Бірақ ол, бұл жерге тән емес. Осындай ақпараттарды басқа облыстар білмейді. Батыс өңірі сияқты құнарсыз жерлер бар. Ол жаққа да ағаштың түр-түрін отырғызуға болады. Тіпті тұзды жерлерге отырғызылатын ағаш түрлері де бар

Сол жайында халыққа жеткізу керек»,- деп өз пікірімен бөлісті. «Байтақ» партиясы бұл тәжірибелерді өңірлерге көшет отырғызу барысында қолдану үшін, тиісті жұмыстарды жүзеге асыратын болады.