Астана қаласында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі – Жалпыұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалысы арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Аталған құжат еліміз үшін жаңа стратегиялық ұстанымды айқындайды: экологиялық қауіпсіздік пен мемлекеттік басқарудың тазалығы өзара ажырамас ұғымдар. Осылайша саяси партия мен ірі қоғамдық антикоррупциялық қозғалыс алғаш рет біртұтас платформа аясында күш біріктіріп отыр.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы – соңғы жиырма жыл ішінде елімізде тіркелген жаңа саяси партиялардың бірі. Партия жасыл экономика қағидаттарын ілгерілетіп, ESG стандарттарын дамыту арқылы экологиялық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруды басты мақсаттарының бірі ретінде қарастырады.
Ал «Жаңару» республикалық қоғамдық бірлестігі – еліміздегі қоғамдық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қозғалыстың белсенді институттарының бірі. Ұйым Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық баяндаманы әзірлеуге қатысып, Қазақстан Республикасы ҰҚК жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Қоғамдық кеңесі құрамында жұмыс жүргізіп келеді.
Екі ұйым да Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі жанындағы Парламенттік реформа жөніндегі Жұмыс тобының құрамына енген.
Меморандум аясында экология және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында бірлескен заңнамалық бастамалар әзірлеу, нормативтік-құқықтық актілерге қоғамдық мониторинг жүргізу, сараптамалық топтар құру және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды дамыту көзделген.
Құжатта Мемлекет басшысы бастамашылық еткен «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасына ерекше назар аударылып, экологиялық жаңғырту мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың өзара байланысы айқын көрсетілген.
Серіктестіктің негізгі ұстанымы анық: жемқорлық – экологияның басты жауы.
Бұл меморандум азаматтық қоғам мен саяси институттардың күшін біріктіре отырып, экологиялық қауіпсіздік пен адал мемлекеттік басқару қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.