Партия өкілдері ауылдағы ағайынмен кездесті

Наурыз 9, 2023

«Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері киелі Түркістан өңіріне ат басын тіреді. Республикалық штаб басшылығы Түлкібас ауданындағы бірқатар елдімекендерде болып, ауылдағы ағайынмен жүздесті. Әуелі Түлкібас кентіндегі мектепте ұстаздармен кездесу өткізді. Одан кейін Рысқұлов және Қожанберді ауылдарында тұрғындарға партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді. Жасыл желегі жайқалған Түлкібас ауданында да  экологиялық проблемалар аз емес. 

«Байтақ» жасылдар партиясы республикалық штабының басшысы Қайрат Айтбайдың айтуынша, «Елді мекендердің жалпы айтқанда сайлауға дайындығы жоғары деп айтуға болады. Неге десеңіз, жергілікті биліктің оған жағдай жасағаны көрініп тұр. Алдымызда келе жатқан сайлау жоғарғы деңгейде, ұйымдасқан, саяси деңгейде өтеді деген ниеттеміз,- деді.  

Партия белсенділері қордаланған мәселелерге қанығып, оның шешу жолдарына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті. Еркін диалог барысында жиналғандарға алдағы саяси науқанның маңыздылығы да кеңінен түсіндірілді. Айта кетейік, алдағы сайлауда облыстық және аудандық мәслихат депутаттығына 18 кандидат ұсынылып отыр.