Мақсат – CO2 мөлшерін төмендететін технологияларды қолдану

Мамыр 16, 2023

«Байтақ» партиясының көшбасшысы Азаматхан Амиртаев, Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрғожаев Болат Жолтайұлымен бірге Экология департаментінің басшылығымен кездесті. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе – Қызылорда облысындағы көгалдандыру мәселесі.

Жиынға «ҚАЗГЕРМҰНАЙ», «Қазпетрол груп», «Қалқаман мұнай» және басқа да компаниялар қатысты. «Байтақ» жасылдар партиясының басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және адам денсаулығын қорғау.

Азаматхан Амиртаев жиында: «Егер де адамда денсаулық болмайтын болса, өмірдің өзі мәнсіз болады. Халқымыздың денсаулығы жақсы болу үшін, қоршаған орта таза болуы керек. Қаншама жылдар бойы біз бизнесті қолдайдық, экономиканы көтердік. Соның салдарынан қоршаған ортадағы баланс бұзылып кетті. Бұл мәселе әлемдік мәселе. Қазақстан 2016-жылы Париж конвенциясына қол қойды. Қазақстан парниктік газды төмендету бойынша межелер алды. Ал, енді 2016-жылдан бері 7 жыл өтті. Қазақстан сол айтқан межелерді орындай алды ма? Сол көрсеткіштерге жете алды ма? Бұл үлкен сұрақ»,- деді.

Осы ақпан айында Президент көміртектік бейтараптық стратегиясына қол қойды. Бүгінде жасыл энергетиканы дамыту, төмен көмірқышқыл газын жасайтын технологияларды қолдану басты мақсат. Алайда мекемелер, заводтар, бизнестер сол стратегиямен жұмыс жасап жатқаны байқалмайды. Сондықтан, «Байтақ» партиясы осы мәселені қолға алып жатыр. Бұл бағытта барынша жұмыстар жасалатын болады.