Біздің ұстаным – қоршаған ортаның тазалығын арттыру

Мамыр 17, 2023

«Байтақ» партиясының Төрағасы Азаматхан Амиртаев өзінің қызметтік іс-сапары барысында Түркістан облыстық Экология департаментінің басшысы Қалмахан Қанат мырзамен кездесті. Кездесу барысында облыстың экологиялық мәселелері талқыланып, талдау жасалды.

Түркістан облысында да атмосфералық ауаның ластануы, қалдықтарды басқару жүйесінің жетілмегендігі, ескірген кәріздерді жаңарту, тазарту құрылғыларының жоқтығы сияқты мәселелер бар. Облыс аумағында 160 тұрмыстық қатты қалдық полигоны бар. Бірақ олардың ешқайсы экологиялық талаптарға сай келмейді.

Оңтүстікке тән тағы бір мәселе – судың сапасы. Түркістан облыстарындағы жер үсті және жер асты суларының негізгі ластаушылары — түсті металлургия, мұнай-химия, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындары болып табылады. Азаматхан Сайлауұлы өңірдегі өзекті мәселелерді шешу жөнінде өз пікірімен бөлісті. «Байтақ» партиясы экология департаментімен бірлесіп, жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Басты мақсат – қоршаған ортаның тазалығын арттырып, халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру. Партия осы мақсаттар аясында аянбай еңбек ететін болады.