Астана қаласындағы елордалық бөлімде белгілі эколог, ғалым, қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Мәжілісінің 7-ші шақырылым депутаты, Экология және табиғатты пайдалану Комитетінің мүшесі Сқақова Айжан Амангелдіқызынан Байтақ партиясына қосылу туралы өтініш қабылданды.
Айжан Сқақова Қазақстан экологиясының Каспий, Балқаш, Арал, Семей полигоны секілді өткір де өзекті мәселелерін көтеріп, олардың іс жүзінде оң шешімін табуы үшін аянбай еңбектенуде.
Оның бастамасымен, киіктерді қорғау мақсатында, Бөкей Орда мемлекеттік табиғи резерваты құрылды, биоалуандылықты сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері көтерілді, Қазақстанның Қызыл Кітабын қайта қарау мәселесі шешілді.
Сқақова Айжан Амангелдіқызы Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің түлегі, ғылыми дәрежесі — «геоэкология» мамандығы бойынша география ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Экология проблемалары мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтын басқарды, табиғатты қорғайтын Қазақ қоғамын қайта құруға, «Экологиялық курьер» газетінің жұмысына белсенді атсалысты. Ғалым-эколог ретінде халықаралық симпозиумдар мен республикалық конференцияларда жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, Орталық Азия елдеріндегі су қауіпсіздігі мен дипломатия мәселелерін көтерді, халықаралық рейтингі жоғары беделді басылымдар мен БАҚ-та экология және қоршаған ортаны қорғау ісіне қатысты бірқатар ғылыми еңбектері жарық көрген.
Сондай-ақ, Айжан Сқақованың балаларды әлеуметтік қорғау, жалпы ана мен бала мәселесі бойынша белсенді ұстанымы көпшілікке белгілі.
Қатарымызға экология және қоршаған орта саласының білікті маманы, саясаттағы салмағы ауыр Айжан Сқақова секілді кәсіби тұлғалардың қосылуы — Байтақ партиясы үшін үлкен оқиға.
Айжанның мол тәжірибесі мен отансүйгіш қасиеті, әлбетте, Байтақ партиясының дамуы мен қарыштап алға басуына қомақты үлес қосары, әрі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласының тамырына қан жүгіртіп, жандандырары сөзсіз.
Айжанның Байтақ партиясында өзімен ойы бір жерден шығатын нағыз әріптестер табатынына сенімдіміз, біз бірге барынша тиімді жұмыс жасай отырып, алға қойған барша мақсаттарымызға бірге қол жеткіземіз!
Қош келдіңіз, Айжан!