Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының өкілдері вагон жөндеу зауытының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – жаңа Конституция жобасының мазмұнын түсіндіріп, онда ұсынылып отырған негізгі өзгерістер туралы ақпарат беру болды.
Жиын барысында партия өкілдері алдағы жексенбі күні өтетін референдумның маңыздылығына тоқталып, азаматтарды ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесу кезінде еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік әділеттілік пен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелері де кеңінен сөз болды. Айтылғандай, қолданыстағы Ата заңда әрбір азаматтың мемлекет қорғауында болатыны нақты айқындалған.
Сонымен қатар партия өкілдері жаңа Конституция жобасында ұсынылып отырған экологиялық нормаларға ерекше назар аударды. Олар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану және жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттің маңызды басымдықтарының бірі болуы тиіс екенін атап өтті.