«Байтақ» партиясының жеңісі

Тамыз 9, 2023

Жуырда ғана «Байтақ» партиясының өкілдері Астанадағы «Городской романс» тұрғын үй кешені тұрғындарының шағымын тыңдап, мәселе көтерген. «Байтақ» партиясы назар аударған соң, тұрғындар жеңіске жетті.

Тұрғындар «Президент саябағында жаңа құрылыс нысандарының салынуына қарсымыз. «Bi Group» компаниясы Президент саябағында түрлі бұзушылықтарға жол беріп, жаңа көпір салып жатыр. Бұл аздай, аталмыш компания тиісті рұқсатсыз тағы да тұрғын үй салуды жоспарлап отырған көрінеді.

Әлгі саябақ болса, министрліктер мен Ақордаға өте жақын орналасқан. Үй жағымыздағы саябақта құрылыс кесірінен жан-жануарлар мен құстар қырылып жатыр. Ағаштар қурап, өзен әбден ластанды. Қоршаған ортамыздың жағдайына алаңдап, қол қусырып отыра алмадық» деп партиямызға жүгінген болатын.

Енді міне, «Байтақ» жасылдар партиясының мәселе көтеруінен кейін тұрғындардың бас ауруына айналған проблема шешілді. Әкімдік енді ол жерде жаңа мектеп, балабақша, сквер салуды көздеп отырғандарын хабарлады.

«Бүгін жобаланған көпір аймағындағы көпқабатты тұрғын үй құрылысына қатысты әкімдіктен ресми жауап алдық. Бұл аумаққа сәулет-жоспарлау тапсырмасы (СЖТ) берілген жоқ. Жоба жоспары мақұлданған жоқ. Мәселеміз шешілді. Сенсатаның көпқабатты тұрғын үй кешенінің орнына – балабақша, BI group-тың жоспарлаған үйінің орнына – сквер салынатын болды. Жуырда балабақша салу жобасы Бас жоспарға қайта енгізілетін болады. Ал сәл кейінірек, сквер салуға қатысты қаулы шығарады.

Осы проблемамыз шешілгені үшін «Байтақ жасылдар партиясына, партия төрағасы Азаматхан Әміртай мырзаға рақмет. Саябағымыз бүлінетін болды деп көмек сұрап барғанымызда бірауыз сөзімізді жерге тастамай, біздің тыңдады», – дейді «Городской романс» тұрғындары.