«Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай алдағы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауы туралы өз ойымен бөлісті.
Азаматхан Әміртай өзінің Facebook парақшасында үндеу жариялап, алдағы сайлау және «Байтақ» партиясының өту мүмкіндігі туралы ойымен бөлісті.
«Байтақ» партиясының төрағасы Мәжілістің таратылуын «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы маңызды реформа деп атады.
«Ендеше, өткен жылдың күзінен бері ел аузында жүргені шындыққа айналды. Кеше мемлекет басшысы Тоқаевтың шешімімен Парламент Мәжілісі мен барлық мәслихаттардың қызметі тоқтатылды. Яғни, таратылды. Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы 19 наурызға белгіленген. Бұл Жаңа Қазақстанды құру жолындағы саяси реформалардың бір саласы. Жаңа Қазақстанға жаңа депутаттармен, жаңа партиялардың саясатқа араласуымен барған дұрыс. Дұрыс қадам».
Ол бұл сайлаудың бұрынғылардан несімен ерекшеленетінін айтты.
«Алдағы сайлау бұрынғылардан өзгеше болады. Қалыптасқан жағдайға байланысты алдағы сайлау аралас партиялық-мажоритарлық жүйе бойынша өтеді. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы ассамблеяға депутаттықты ұсынбайды. Елімізде сайлауалды науқанға қатысу үшін жеті партия тіркелді: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халықтық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Республика».
Сондай-ақ, партия төрағасы экологиялық мәселелерді Парламент мінберінен көтеруді өте маңызды деп санайды.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, біз «Байтақ» партиясында осы қызу бәсекеде бағымызды сынап, парламентке өтуге тырысамыз. Расында да, елімізде экология мәселесі ақсап тұр. Жағдай тексеруге шыдамайды. Сондықтан біз Парламент мінберінен маңызды экологиялық мәселелерді көтеруді көздеп отырмыз».