Астаналықтар саябақ маңына жаңа нысан салынуына қарсы

Шілде 26, 2023

Елордадағы «Городской романс» тұрғын үй кешенінің тұрғындары Президент саябағында жаңа құрылыс нысандарының салынуына қарсы. Неліктен?

Тұрғындардың айтуынша, «Bi Group» компаниясы Президент саябағында түрлі бұзушылықтарға жол беріп, жаңа көпір салып жатыр. Бұл аздай, аталмыш компания тиісті рұқсатсыз тағы да тұрғын үй салуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал құрылыстан шыққан барлық қалдықтар Есіл өзеніне төгілуде. Әлгі саябақ болса, министрліктер мен Ақордаға өте жақын орналасқан.

Осы мәселені айтып, тұрғындар бірнеше рет Экология және табиғи ресурстар министрі Зүльфия Сүлейменова шағымданған. Алайда естіген құлақ әлі күнге дейін мардымды жауап бермеген. Тіпті бұл мәселемен әкімдік айналысады деп өзінен әрі ысыра салған.

«Үй жағымыздағы саябақта құрылыс кесірінен жан-жануарлар мен құстар қырылып жатыр. Ағаштар қурап, өзен әбден ластанды. Қоршаған ортамыздың жағдайына алаңдап, қол қусырып отыра алмадық. Экология министрлігінен көмек сұрадық. Бірақ жауап жоқ.

Зүлфия Болатқызы, бұл мәселенің экологиялық жағын неге байқамайсыз? Бұл бірінші кезекте сіздің жұмысыңыз ғой. Неге түсінбейсіз? Неліктен сұрақтарымызға, шағымымызға жауап бермейміз? Неге тиісті деңгейде жұмыс істемейсіз? Жұмысыңызда біздің көңіліміз толмайды», – деді наразы тұрғындар.

Тұрғындардың шағымын «Байтақ» партиясының өкілдері тыңдап қайтты. Партиямыздың өкілдерінен бөлек, саябақ маңына Экология министрлігі, департаменті, табиғатты қорғау саласының мамандары барып, құрылыстың су құрамына, Президент саябағының алуан түрлілігіне қалай әсер ететін, алда қандай шаралар қабылдау керектігін зерделеді.

Бұл мәселе «Байтақ» жасылдар партиямыздың назарында болады. Себебі біз қоршаған ортаның қауіпсіздігіне бейжай қарамаймыз.