Арал ауданы бойынша ауыз су сапасы сын көтермейді

Наурыз 12, 2023

«Байтақ» жасылдар партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы, ҚР Парламенті Мәжіліс депутаттығына кандидат Болат Нұрхожаев, Қызылорда қалалық мәслихат депутаттығына кандидат Жанар Бердиева, Арал ауданы мәслихат депутаттығына кандидат Айнұр Рысбаева партияның сенім білдірген адамдарымен бірге Арал ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге 85 адам қатысып, «Байтақ» партиясының сайлауалды бағдарламалары мен міндеттерімен танысты.

Партияның басты құндылықтары – қоршаған ортаны қорғау және денсаулықты сақтау екені белгілі. Табиғатты қорғау мәселесі бүкіл дүниежүзілік проблемаға айналуда. Экологиялық проблема дегенде ең алдымен Арал қасіреті еске түседі.
Қазіргі таңда табиғатқа түсіп отырған ауыртпашылықтың дәрежесі орасан екендігі соншалық, егер оны қорғауға тиісінше шұғыл көңіл бөленбесе, мұның ақыры апатқа әкелуі әбден мүмкін. Өйткені қоршаған ортаның ластануы ауқымы халықтың денсаулығы мен еңбек қабілетіне қатер төндіретіндей дәрежеге жеткендігі анық.
Тұрғындармен кездесу барысында экологиялық апатты аймақ Арал ауданының жағдайы және халықтың денсаулығы жайлы мәселелер көтерілді. Арал ауданы бойынша ауыз су сапасы сын көтермейді. Сол себепті де, ауыз су проблемасы – тұрғындардың басты көтеретін мәселесі.
Кандидаттар мен халық арасында пікірталастар ойдағыдай өтіп, тұрғындар өз сұрақтарына жауап ала алды.
Арал тұрғындары «Байтақ» партиясына мол сеніп артып, қолдау білдіретіндерін жеткізді.