Апатты аймақтың тұрғындары елеусіз қала бере ме ?

27 февраля, 2024

Аралдан бақ тайғалы қашан. Ықылым заманда гректер «Сақ шығанағы» деп ат қойған, одан кейін Окс теңізі, Хорезм, Жент дегенде атқа ие болған, X ғасырда арабар ғалымдары Кердері көлі деп атап, картасында сызған Арал теңізі және оның маңайы бүгінде түбегейлі өзгерген. Баяғы «балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған», мейманасы тасқан атақты теңіздің қазір жұрнағы ғана қалған деуге болады. Бір мысал келтіре кететін болсақ, суы мол кезде теңіз өңірінде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген еді. Осының өзі көп нәрседен хабар берсе керек-ті. Арал неден тартылды дегенге келсек, оның бірнеше себебі бар. Мәселен:

• жергілікті жердің тарихи-табиғи ерекшеліктерін ескермеу;
• ауыл шаруашылығын дұрыс жоспарламау, судың қорын есепке алмау;
• суды өте көп қажет ететін күріш, мақта дақылдарын барынша көбейтіп жіберу;
• жерді игерудің агротехникалық шараларын сақтамау және суды үнемді пайдаланбау;
• табиғат ресурстарын пайдалануға жіберілген қателіктер мен оны меңгерудің ғылыми тұрғыдан негізделмеуі болып табылады.

Ең бастысы кешегі кеңес заманында көп өнім аламыз деген желеумен теңізге келіп құятын қос өзеннің (Амудария мен Сырдария) суын ісірәп ету болды. Мұның арты теңіздің тартылуына, аймақтың экологиялық апатқа ұшырауына алып келді. Бір сөзбен айтқанда адам қолымен жасалған апат деуге болады. Теңіздің фаунасымен флорасы жойылды. Сумен бірге балықта кетті. Мұның арты өңірдегі балық шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылықтардың жұмысын тоқтатуына әкелді. Теңіз түбінен көтерілген улы тұздың мөлшері жылына 13-20 млн т деп есептеледі. Осының кесірінен тұрғындардың түрлі ауруға шалдығуы тым артып кетті. Осы жерде бір ескере кететін жайты, Арал теңізіндегі «Возрождение» деген аралды Кеңес елі 1936 жылдан бастап кешегі 1992 жылға дейін құпия түрде биологиялық қаруларды сынайтын алаңға айналдырып келді. Әскерилердің жасаған сынақтарынан даладағы аңда, судағы балықта қырыла бастады. Адамдар арасында обыр, алапес аурулары көбейді. Яғни биологиялық қарудыңда зардабын Арал маңында отырған жұрт тартты деуге болады.

Қалыптасқан жағдайды ескере келе Аралы өңірі экологиялық апат өңірі деп есептелді. Орта Азия елдері Аралы құтқару жөнінде келісімшартар жасады. Аралды құтқару комитеті құрылды. Алайда мұның бәрі теңізді сақтап қалуға қауқарсыз болды. Өйткені теңізге құятын қос өзеннің суы сол қалпы мақтамен күріш егістіктеріне кетіп жатты. Жағдайдың тым мүшкіл екенін ескере келе, «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы
Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 30 маусымдағы N 1468-XII Заңы» дүниеге келді. Онда: «Заң Арал экологиялық апаты салдарынан зардап шеккен азаматтардың қорғалуын қамтамасыз етуге тиіс және олардың статусын, аумақтардың топталуын айқындайды, әлеуметтік оңалту шараларына мұқтаж адамдарға өтем мен жеңілдіктер белгілейді, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын халықтың өмірі мен денсаулығын сақтау, тұрақты тіршілік жағдайын қамтамасыз ету, халықты экологиялық таза тамақ өнімдерімен, медицина құралдарымен, ауыз сумен басым жабдықтау, санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту жүйесін қалыптастыруға принципті көзқарастарды баянды етеді» деп тайға таңба басқандай жазылған еді. Экологиялық дағдарыс аймағына Қызылорда облысы аудандарының аумақтары, Қызылорда қаласы және әкімшілік-аумақтық бағынысына кіретін елді мекендерді қоса алғанда, Байқоңыр қаласы кірді. Сондай-ақ заңда экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтардың статусы белгіленді. Экологиялық апат салдарынан зардап шеккен адамдарға берілетін қосымша өтемдер мен жеңілдіктер қарастырылды. Жалпы аталмыш заңда сол өңірде тұратын һәм экологялық апаттың зардабын тартқан жандарға көптеген жеңілдіктер қарастырылған еді. Әу дегенде заң толыққанды жұмыс істеп келгені анық. Алайда уақыт өте келе заңдағы көптеген баптарға өзгерістер енгізілді тіпті кейбір баптар алыныпта тасталды. Осының кесірінен көптеген азаматтар жеңілдіктермен әлеуметтік көмектерден қағылып қалды. Мұның бәрі онсызда ілдәлап күн көріп отырған халыққа ауыр тигені белгілі. Сондықтан бұл жерде баса айтатын бір нәрсе, бұл заңды қазіргі Үкімет қайта қарап, ескерусіз қалған жерлерге толықтырулар енгізіп, экологиялық апатты аймақтаөмір сүріп жатқан азаматтарға жеңілдіктерді кері қайтару керек. Сонда ғана әділеттілік орнайды. Мына мәселер қайта қаралғаны дұрыс:
Яғни заң талаптары бойынша 1970 жылдардан бастап тұрып жатқан немесе кемінде 10 жыл тұрып кеткен азаматтар жатқызылады. Сәйкесінше арнайы статус беріледі. Алайда, ешкімнің арнайы статусын электронды базалардан көре алмай жүргеніміз анық!

Заңның кейбір бөлігіндегі қосымша өтемақы алынып тасталғаны белгілі. Оны орнына келтірген жөн. Сондай-ақ;
Бұл статусқа енгізілген азаматтар арнайы әлеуметтік қорғалуы тиіс және медициналық көмек алуына кепілдік беруі тиіс!

Зейнетақы мен шәкіртақы, айлық табысына арнайы үстемақы алуы тиіс!
Арнайы демалыстар мен Еңбек уақытының реттелуі қажет еді!
Жұмыспен қамтамасыз етілуге, жұмыс табылмаса, басқа мамандықпен қайта дайындалып жұмысқа тұруына жағдай жасалғаны жөн!

Республикалық маңызы бар үш қала мен облыс орталықтарын есептемегенде, көшіп барған кез-келген қалаларынан тұрғын үймен қамтамасыз етілуі керек!

Бұл тарапта әрине, Қызылорда өңірінде мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлерінде коэффиценттері есептелініп, айлық табысына ғана үстемақы берілетіні белгілі. Бірақ, өңірдің басым бөлігі жеке мекемелердің қызметкерлері. Оларға неге бюджеттен қаржы бөлінбейді? Кәсіп иесіне жауапкершілік артылып отыр, ол қаншалықты дұрыс шешім, оған да назар аударылып, Арал аймағының дағдарысындағы азаматтардың құқығының сақталуы тиіс!

Жаңа жасақталған үкімет, осы Заң үшін арнайы қаржы бөліп, қазір ұмыт болып кеткелі тұрған бұл Заңның талаптарын орындалуы тиіс деп санаймыз!

Біздің елде, ең әуелі Заң үстемділігі орнап, қатаң сақталуы тиіс — Бұл президенттің тапсырмасы!

Нұрлан Болатұлы Көптілеутегі Байтақ жасылдар партиясының Атқарушы хатшысы