Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «ETС» тауар биржасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат парниктік газдардың шығарындыларына квота саудасы үшін платформа құруға және дамытуға, сондай-ақ биржалық және экологиялық заңнаманы реформалауға бағытталған. Бұл бастама елдің экологиялық күн тәртібін жүзеге асырудың жаңа кезеңін бастап, климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күресте Қазақстанның ұстанымын нығайтуды көздейді.
Бастаманың мақсаты – парниктік газдардың шығарындыларын реттеудің тиімді құралын қалыптастыру, квота саудасын енгізу арқылы кәсіпорындардың жаңа экологиялық стандарттарға икемді бейімделуін қамтамасыз ету және таза технологияларды енгізуді ынталандыру. Мұндай платформаны дамыту көміртек ізін азайту, Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу және көміртек бейтараптығына жету стратегиясын жүзеге асыруға бағытталған жаһандық үрдістерге сәйкес келеді.
Сонымен қатар, көміртек квоталарының халықаралық нарықтарына интеграциялау Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін заңнаманы реформалау жоспарланып отыр, осылайша квота саудасын және басқа да жасыл қаржы құралдарын қолдайтын ашық әрі тиімді құқықтық негіз құрылады. Көміртек диоксиді шығарындыларына арналған рұқсаттардың жаһандық нарықтарындағы сауда көлемі триллиондаған доллармен бағаланады.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев: «Квота саудасы үшін платформаны құру Қазақстанда жасыл экономиканы дамытуға қуатты серпін береді деп сенеміз. Бұл парниктік газдардың шығарындыларын азайтып қана қоймай, бизнесті және инвестицияларды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады», – деп атап өтті.
«ETС» тауар биржасының басқарма төрағасы Құрмет Оразаев меморандумға қол қоюға байланысты өз пікірін білдіріп: «Біз осы маңызды жобаның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз. Біздің биржа квота саудасы үшін тиімді платформаны құруға өз инфрақұрылымын және тәжірибесін ұсынуға дайын», – деп атап өтті.
Сонымен қатар, заңнаманы реформалау квоталар саудасына қатысатын компаниялар үшін қатаң экологиялық стандарттарды енгізуді көздейді, бұл елдегі жалпы шығарындылар деңгейін төмендетуге және тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді.
Меморандум аясындағы ынтымақтастықтың келесі қадамы 2024 жылғы 11-22 қарашада Бакуде өтетін Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның Негіздемелік конвенциясына қатысушы тараптардың 29-конференциясына (COP 29) қатысу болмақ. Қазақстан осы халықаралық алаңда климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, жаһандық экологиялық мәселелерді талқылауға қатысады. COP 29-ға қатысу еліміздің халықаралық аренадағы ұстанымын нығайтады.
«Байтақ» партиясы туралы
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы энергетика, су ресурстары, тұрақты даму мақсаттары және ESG қағидаттарын, экологиялық білім беру және экологиялық қауіпсіздік жобаларын, цифрлық партияны реформалауды жүзеге асыра отырып, Қазақстанды жасыл экономика саласындағы көшбасшы елге айналдыруға ұмтылады.
«ЕТС» тауар биржасы туралы
«ETС» тауар биржасы – Қазақстанның жетекші биржаларының бірі. Биржа нарық қатысушыларына әртүрлі шикізат түрлері мен қаржы құралдарының саудасын қоса алғанда, кең ауқымды қызметтер ұсынады.