Көптеген жылдар бойы Арал теңізінің жағдайы жаһандық мәселе болып қалып отыр. Орталық Азия мен Каспий аймағындағы елдер қоршаған ортаны қорғау, оның ішінде Арал теңізін қорғау бойынша бірлескен шаралар қабылдап, келісімдер жасасуда. Биыл Бакуде өткен Дүниежүзілік климаттық саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арал теңізін құтқару бойынша қолға алынған нақты қадамдарды атап өтті.
Климаттың өзгеруімен күрес, Арал өңірінің зардап шеккен аймақтарын қалпына келтіру, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу – бұл күрделі әрі маңызды міндеттер. Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясы осы өзекті мәселелерді шешу үшін ұжымдық күш-жігердің қажет екенін ерекше атап өтеді. Осы тұрғыда бірнеше елдің жасылдар партияларын жинаған «ARAL – 2024» саммиті маңызды рөл атқарады.
Саммиттің күн тәртібінде негізгі экологиялық мәселелерді шешу жолдары және бұл мәселелерді шешудегі жасылдар партияларының рөлі талқылануда. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылған «Таза Қазақстан» акциясының әсері қарастырылуда. «Байтақ» партиясы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған осы бастаманы қолдап, белсенді түрде қатысуда.
Саммитті аша отырып, Қазақстандық «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев Орталық Азиядағы ең өткір мәселелердің бірі – су қауіпсіздігі екенін атап өтті.
– БҰҰ болжамдарына сәйкес, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 млн адамға жеткен кезде, су тапшылығы 25-30 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен бірге, ауыл шаруашылығына пайдаланылатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға қарай 30 пайызға артуы мүмкін. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді, – деді А.Әміртаев. – Су тапшылығы мәселесі қақтығыстардың туындауына және өңірдің тұрақсыздануына әкелуі мүмкін, әсіресе сыртқы күштердің араласу қаупі бар. Қазіргі таңда Орталық Азия мемлекеттері арасында су және климат мәселелері бойынша белсенді аймақтық интеграция мен ынтымақтастықтың қажеттілігі туындап отыр. Өңір елдері әріптестік пен тату көршілік жолын таңдауы тиіс.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның гидросферасын сақтау жөніндегі «Байтақ» партиясының үлесі туралы айтып өтті. Мысалы, партия суды ұтымды пайдалану бойынша семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, Арал және басқа өңірлерде көгалдандыру жобаларын іске асыруда, ағынды және ластанған суларды тазарту және пайдалану бойынша жаңа технологияларды енгізуде.
Өз сөзін бастаған Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Эркин Булекбаев өңір елдері үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеті – мемлекеттік ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
– Қырғызстанның Жасылдар партиясы экологиялық проблемалардың теріс салдары экожүйелердің жағдайына және халықтың денсаулығына әсер етіп жатқанын алаңдаушылықпен атап өтеді, – деді Э.Булекбаев.
Сондай-ақ, Ресейдің «Жасылдар» экологиялық партиясының тең төрағасы Александра Кудзагова климаттық өзгерістердің салдарын азайту үшін жаңа су қоймаларын және олардың арасындағы арналарды салу қажет екенін айтты. Ол атом энергетикасын дамыту және оның экологиялық мәселелерді шешудегі тиімділігі туралы да баяндады.
Саммит аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолияның жасылдар партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар экологиялық ағарту және халық арасында насихат жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ табиғи ресурстарды қорғау және пайдалану бойынша тәжірибе алмасу жөнінде келісімге келді.
Саммит қатысушылары бірлескен күш-жігер арқылы экологиялық апаттардың салдарын жеңілдетіп, табиғи байлықтарды сақтап қалу жолында маңызды қадам жасауға болатынын атап өтті.