“Таза Қазақстан”: Ортақ мүдде мен жаһандық жауапкершілік

7 апреля, 2025

Алматы, 5 сәуір 2025 жыл – Алматы қаласында “Таза Қазақстан: табиғат пен ұлттың бірлігінде” атты экологиялық-мәдени іс-шара сәтті өтті. Бұл ауқымды жиын – Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың жаңа кезеңін білдіріп қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды.

Іс-шара “Байтақ” Жасылдар партиясының бастамасымен ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген партия мүшелері, қоғам қайраткерлері мен Мұхтар Шаханов, Асылы Осман бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінің Жасылдар партиясы өкілдері арнайы делегациялармен келіп, шараның халықаралық маңызын арттырды. Орталық Азия мен Еуропа елдерінің дипломатиялық және ресми өкілдерінің қатысуы экологиялық жауапкершіліктің ортақ екенін айқын көрсетті.

“Байтақ” Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сөзінде:
“Таза экология – бұл ұлттың денсаулығы мен болашағы. Табиғатты қорғау арқылы біз ұлттық болмысымызды, ұрпағымыздың амандығын сақтап қаламыз. Бұл – әр азаматтың ортақ парызы”, – деп атап өтті.

Іс-шара барысында келесі негізгі бағыттар қамтылды:
• Ұлттық ойындар мен қолөнер көрмесі;
• Эко-білімге арналған дөңгелек үстелдер мен пікірталастар;
• Мәдени концерттік бағдарлама.

2024 жылы “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында 6,2 миллионнан астам адам қатысып, 1,1 миллион тонна қалдық жиналды. Сонымен бірге, 1,6 миллионнан астам ағаш отырғызылып, заңсыз 4 800 қоқыс алаңының 91 пайызы жойылды. Азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарын қабылдайтын @TazaQazBot телеграм-боты арқылы 10,7 мың өтініш түсіп, олардың 9,7 мыңы оң шешімін тапты.

Бұл көрсеткіштер Қазақстан азаматтарының экологиялық сана-сезімінің артып келе жатқанын көрсетеді. “Таза Қазақстан” – табиғатты қорғау мен ұлттық бірлікті ұштастыратын бірегей платформа ретінде қалыптасып келеді.

“Таза Қазақстан” – бұл тек бір күндік акция емес, бұл – тұрақты, жүйелі нық қадам. Ол еліміздің жасыл болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ міндет пен жаһандық жауапкершілік үлгісі,” – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.