Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа Жолдауында еліміздің дамуындағы негізгі басымдықтардың бірі – цифрландыру екенін ерекше атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан қысқа мерзімде ақпараттық технологияларды жаңа деңгейге көтеріп, өңірлік қана емес, халықаралық деңгейде де цифрлық державаға айналуы қажет.
Мемлекет басшысы алдағы үш жылда мемлекеттік басқару жүйесі, экономика және әлеуметтік салалардың толықтай цифрлық негізге көшуі тиіс екенін атап өтті. Жасанды интеллект, үлкен деректерді өңдеу, киберқауіпсіздік пен инновациялық шешімдер күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналуы қажет.
Сонымен қатар Президент еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екінші, қажет болған жағдайда үшінші атом электр станциясының құрылысын жоспарлауды тапсырды.