Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының орталық бақылау-ревизиялық комиссиясының төрағасы Әділқасым Жарылқасынұлы 2023 жылғы қаңтар айынан жыл соңына дейінгі сайлау науқанына қатысты жұмыстардың есебін берді.
Комиссия төрағасының айтуынша, өткен жылдың сайлау науқанына 765 565 060 теңге жұмсалса, науқаннан тыс шығындарға 93 764 030.81 теңге қаражат бөлінген. Яғни, барлығы 859 329 090 теңгені құрап отыр. Бөлінген қаражаттың негізгі бөлігі агитациялық қызметтерге бағытталған. Мәселен, республикалық және жергілікті БАҚ жұмысына және басқа да ақпараттандыру қызметтеріне шамамен 300 млн теңге жұмсалған. Ал ЦИК-ке тіркеу жарнасы 84 млн теңгені құрады.
Сонымен қатар сайлау науқанын ақпараттандыру мен агитациялық жұмыстардан бөлек, үгіт-насихат топтарының жалақысы, сайлау кезінде штабтар үшін жалға алынған орындардың ақысы, үгіт-насихат тобының материалдарына да ақша төленген. Мысалы, Астана қаласында сайлау науқаны бойынша 9 689 480 теңгеге сәйкес келісімдер мен қаржылық құжаттар жасалған. Ал Ұлытау облысы орталық аппараттан 12 млн теңгеге қаржыландырылған болса, 11 050 000 теңгесі облыстағы мәжіліс кандидатына бағытталған. Өткен жылы жалпы партиядан 184 кандидат үміткер болса, оның ішінде 20 кандидат мәжіліс парламентіне және 164 кандидат мәслихат депутаттығына ұсынылды. Жамбыл облыстық филиалының қаржылық есебіне қатысты келесі мысалдарды атап өтуге болады. Мұнда сайлау алдындағы науқан үшін жалпы 18 000 дана агитациялық материал дайындалды, оның ішінде 9 000 дана А3 форматының листовкалары (әрқайсысының бағасы 290 теңге) және 9 000 дана А4 форматының флаерлері (әрқайсысының бағасы 90 теңге). Барлығы 25 млн теңге жұмсалды. Ал агитациялық материалдарды тарату үшін 150 адам тартылған. Қызылорда облысы сайлау науқанында 7 млн теңге жұмсаса, Атырау облысында 8,5 млн теңге, Қарағанды облысында 6 млн теңге, Алматы облысында 3,5 млн теңге, Түркістан облысында 35 млн теңге, СҚО бойынша 2,5 млн теңге, Маңғыстау облысында 3,5 млн теңге қаржы осыған бағытталған. Шымкент қаласында науқан барысына 28 млн теңге, Астана қаласында 20 млн теңге жұмсалып отыр. Абай облысында сайлау науқанына 3,5 млн теңге, Қостанай облысында 2,5 млн теңге, Ақмола облысында 2,5 млн теңге, БҚО-да 2,5 млн теңге бөлінген. Облыстарға бөлінген қаражат өңірлердегі үгіт-насихат топтарына, кеңсені жалға алуға, транспортқа (әуе билеттері, пойыз билеттері, автокөлік), іс-шара өткізуге арналған арнайы залдарды жалдауға төленді.
Айта кетейік, 93 млн теңгені құрайтын науқаннан тыс шығындар партия қызметкерлерін, орталық аппарат қызметкерлерін жалақымен қамтамасыз етуге жұмсалған. Сонымен қатар өткен жылы демеушілерден 32 028 660 теңге кіріс түскен. Аталған қаржы қызметкерлердің айлығын төлеуге, канцеляр тауарларына, коммуналдық шығындарға, ғимаратты жалға алуға, жалпы кеңселік шығындарға жұмсалған. Партия мүшелерінің жарна пұлынан 120 005 теңге қаржы түссе, партияның өзіне тиесілі мүлкі 21 млн теңгені құрап отыр.