Статистикаға сүйенсек, 2030 жылға қарай Қазақстанда энергия тапшылығы 30%-ке жуықтайды. Яғни, алдағы 10 жылда елде жалпы қуаты 26,5 ГВт жететін жаңа өндіруші қуаттарды енгізу қажет. Тапшылықтың қауіпсіз, экологиялық таза шешімі – атом электр станциясының энергиясы. Қазір әлемнің дамушы елдері көмір жағудан гөрі атом энергетикасына сүйеніп отырИә, көмірдің 300 жылдық қоры бар Қазақстан үшін бұл станцияны салу қаншалықты орынды деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Алайда қара алтынның қоршаған ортаға келтірер залалы орасан. Сондықтан өндіріс пен экономиканы дамытамыз десек, жасыл энергетика көзін қолдауымыз керек-ақ.
6 қазанда өтетін АЭС салу жөніндегі референдумның Тәуелсіз Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызы зор. Осыған орай еліміздегі беделді саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Мәжіліс спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың алғашқы отырысын өткізді. Оның құрамында 6 саяси партияның, сондай-ақ шамамен 20 республикалық қоғамдық бірлестіктің 250-ге жуық өкілі бар. Штабтың басты мақсаты – халықты атом электр станциясын салу жөніндегі прогрессивті идеясының айналасында топтастыру.
«АЭС құрылысы – бұл Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Еліміздегі және әлемдегі барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. 6 қазанда өтетін референдум біздің бірлігімізді көрсетеді», – деді Ерлан Жақанұлы.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезінуде және оны көрші елдерден импорттауға мәжбүр. Сондықтан Халықтық штабтың басты міндеті – қоғамға АЭС салудың маңыздылығы мен артықшылықтарын жеткізу, жұрт арасындағы негізсіз үрейлерді сейілту. Оған қоса, партиялар мен ҮЕҰ-лардың бірлесіп жұмыс істеуде табысты тәжірибесі де бар.
Жиында АЭС құрылысына қолдау білдіріп, Халықтық штабтың құрамында кіргендер қатарында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Қазақстан халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров, «Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев, «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова бар.
– Осы бағытта Президент жолдауында Референдум жайлы жарияланған сәттен бастап жұмыс істеп келеміз. Атом электр станциясы алдымен энергия тапшылығын жою үшін керек. Түріктің инвесторлары 500 млн долларға «Кентау» байыту комбинатын іске қосуда. Энергия жоқ. Көбісі атом энергиясын жел, күн энергиясымен салыстырады. Алайда оның тұрақсыз екенін ұмытпайық.
Экологиялық жағына тоқталайық. Қазақстан 2016 жылы Парижде климаттың өзгеруіне байланысты келісімге қол қойды. Келісім бойынша 2030 жылы еліміз көміртекті ауаға шығаруды 15-20 пайызға дейін төмендетуі тиіс. Егер 2016 жылы 323 млн тонна көміртегі ауаға жіберілген болса, бүгінгі күні 353 млн тоннаға артты. Яғни, азайтудың орнына өсіріп отырмыз. Ал 2030 жылы халықаралық ұйымдар экологиялық ахуалды қайта тексеріп, есеп алады. Бұл мәселені қалай шешеміз? АЭС-тің ауаны ластау деңгейі өте төмен. Біздің партия жаңа жобаны, жасыл экономиканы толықтай қолдайды, – дейді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.
Айта кетейік, Халықтық штабтың құрамында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, Ұлттық спорт қауымдастығы, «Ассамблея жастары» РҚБ, Қазақстанның Ядролық қоғамы, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы және басқа да ұйымдар бар.