Бүгін Астана қаласында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы ерекше әлеуметтік-еріктілік акциясын өткізді. «Бір тамшы қан — бір үміт» атты акцияның негізгі мақсаты — қоғамда ерікті қан тапсыру мәдениетін қалыптастыру, қан тапшылығы мәселесіне назар аударту және әрбір адамның қайырымдылық жасауда нақты әрекет етуін қолдау.
Іс-шара Астана қаласындағы Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығында өтті. Осы шараға партия төрағасы Азаматхан Әміртаев, партия белсенділері мен еріктілер қатысып, қан тапсырып, өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, акцияға қатысушыларға медициналық нұсқаулықтар берілді, қауіпсіздік шаралары түсіндірілді.
«Әрбір тамшы қан — бұл бір адамның өмірі. Біздің мақсатымыз — қан тапсыру мәдениетін дамыту, қайырымдылық пен азаматтық жауапкершілікті нығайту. Бұл бастама — адам өмірін сақтап қалуға арналған кішкентай, бірақ маңызды қадам», — деп атап өтті Азаматхан Әміртаев.
Қан тапсыру — бұл тек көмек көрсету ғана емес, бұл – болашаққа үміт сыйлау.
Акция #БірТамшыҚанБірҮміт хэштегімен әлеуметтік желілерде кеңінен тарайды. Партия мүшелері, еріктілер мен барлық ниет білдірушілер өз өңірлерінде қан тапсырып, осы бастаманы қолдай алады. Қатысушылар әлеуметтік желілерде фотосуреттер мен видеолар жариялап, акцияның маңыздылығын көрсету үшін хэштегті пайдалана алады.
Іс-шара мақсаты:
- Қоғамда ерікті қан тапсыру мәдениетін насихаттау
- Қан тапшылығы мәселесіне қоғам назарын аудару
- Әрбір адамның қайырымдылық жасауға деген ықыласын ояту
- Азаматтық жауапкершілікті арттыру
- Жастар мен қоғамдық ұйымдарды әлеуметтік жобаларға тарту