АСТАНА. ҚазАқпарат «Байтақ жасыл» партиясы Қазақстан Республикасы Мәжілісінің сайлауына қатысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз «Таза ауа, таза су, таза жер – таза адами қарым-қатынас!» ұранын ұстанамыз. Қазақстан халқына, табиғатына келтірілген шығын өтелуін талап етеміз. Ал ел байлығы халықтықі деп есептейміз. Біз алдымызға флора мен фаунаны қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды тұрақты пайдаланудың жаһандық принциптерін енгізу мақсаттарын қоямыз. Біз экологиялық таза, инновациялық технологияларды енгізуді, қоршаған ортаны қорғау саласын цифрландыруды және экологиялық сананы бала кезінен тәрбиелеуді жақтаймыз. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауын өткізу еліміздің экологиялық жауапкершілік саясатын өзгерту мүмкіндігі деп санаймыз», – делінген партия таратқан хабарламада.
Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2023 жылдың 19 наурызында өтеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасаған болатын. Мәлімдеменің толық мәтінімен мына жерден танысуға болады.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Президенті жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Кейін Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.