Ақмолада «Байтақ» партиясының IV конференциясы өтті

5 сентября, 2025

Күздің алғашқы айы Ақмола өңірінде экологиялық ахуал жағдайы ерекше көтерілген ерекше шара ұйымдастырылды. Көкше төрінде Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы Ақмола облыстық филиалының кезекті IV конференциясы өтті. Елдің жасыл болашағын айқындауды мұрат тұтқан бұл басқосуға партия Төрағасы Азаматхан Әміртаев арнайы келіп, алдағы кезеңге арналған бағыт-бағдарды айқындады.

Алқалы жиында жаңа құрам сайланып, партияның өңірлік құрылымы толықтай жаңғырды. Ақмола облыстық филиалының төрағасы болып Асылбек Баяжұма бекітілді. Сондай-ақ саяси кеңес, атқарушы хатшылық пен ревизиялық комиссия жасақталып, «Байтақ» партиясының Ақмоладағы жұмысына тың серпін берілді.
Жиналыстың күн тәртібі тек кадрлық өзгерістермен ғана шектелмеді. Өңірдің ең өзекті мәселелері талқыға түсті. Әсіресе Астана маңындағы қоқыс қалдықтарының облыс аумағына шоғырлануы халық наразылығын туғызып отырғаны ашық айтылды. Бұл жайында партия төрағасы Азаматхан Әміртаев:


•⁠ ⁠Астана маңындағы тұрмыстық қалдықтар түгел Ақмола облысына түсуде. Ал төленген қаржы Астананың бюджетіне кетеді, ал ауыртпалықты көтеріп отырған – Ақмола өңірі. Сондықтан біз Ақмола облысы мен Астана арасында агломерациялық жобалық офис құрып, әділ шешім қабылдауымыз керек», – деп атап өтті.
Конференцияда Көкшетаудың қақ ортасындағы Копа көлінің экологиялық ахуалы, Бурабайдың тұмса табиғатын қоқыстан тазарту, сондай-ақ Астананың медицина мекемелерінен шығатын қалдықтарды өңдеу мәселелері де талқыланды. Бұлардың барлығы – тек өңір үшін ғана емес, ел үшін маңызды тақырыптар екені айтылды.
Азаматхан Әміртаев өз сөзінде экологиялық бастамаларды жүзеге асыруда халықпен бірлесе әрекет етудің маңызына тоқталды.

•⁠ ⁠Кейде таза экологиялық жобалардың өзіне қарсылық туындайды. Сондықтан халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, жасалып жатқан ізгі қадамдарды қолдауымыз қажет. Табиғатты қорғау – бәрімізге ортақ міндет, – деді Азаматхан Сайлауұлы.
Айта кету керек, бұған дейін «Байтақ» партиясы Алматы қаласы мен Алматы облысы арасында агломерациялық кеңсе құрған болатын. Енді осы тәжірибе Ақмола мен Астанаға енгізілмек. Бұл – екі өңірдің ортақ мәселесін шешуде үйлесімді қадам болары анық.



Жиынға партия белсенділері, өңірлік делегаттар, эколог-сарапшылар, жастар ұйымдарының өкілдері, зиялы қауым мен жергілікті ардагерлер де қатысты. Басқосу барысында №13 «ЭКОС» мектеп-лицейінің жұмысы таныстырылып, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің маңызы ерекше аталды.

Осылайша, Ақмолада өткен «Байтақ» жасылдар партиясының конференциясы өңірдің жасыл даму саясатына жаңа тыныс беріп, табиғатты қорғау ісін қоғамның ортақ міндеті ретінде айқындаған маңызды басқосуға айналды.