Астана қаласында «Су қауіпсіздігі және трансшекаралық су ресурстарын пайдалану: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбында халықаралық конференция өтті. Іс-шара ARAL саммиті аясында Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы бастамасымен ұйымдастырылды.

26 мая, 2025

Конференцияда су тапшылығы, трансшекаралық өзендерді басқару, және өңірлік ынтымақтастық мәселелері жан-жақты талқыланды. Шараға 15-тен астам елдің өкілдері, халықаралық ұйымдар мен ғалымдар қатысты.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сөзінде судың шектеулі ресурс екенін ескертіп, көршілес елдермен ынтымақтастық пен жаңа технологияларды енгізудің маңызын атап өтті. Ол Ауғанстандағы Кош-Тепе каналына тоқталып, бұл жобаның Әмудария арқылы Сырдария мен Аралға келетін су көлемін азайтуы мүмкін екенін ескертті.

Конференцияда ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Аслан Абдраимов, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия және Ресейдің жасыл партияларының өкілдері, халықаралық сарапшылар мен ғалымдар сөз сөйледі. Олар су ресурстарын басқарудағы басты мәселелерді көтеріп, бірлескен шешімдер ұсынды.

Өзбекстан Республикасының өкілі Бахтиёр Пулатов экологиялық бастамалармен бөлісіп, трансшекаралық су жобаларын бірлесе жүзеге асырудың маңызын айтты. РҒА корреспондент-мүшесі Виктор Данилов-Данильян климаттық өзгерістердің су саясатына әсеріне тоқталды.

Қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар су заңнамасын жетілдіру, жаңа су қоймалары мен ирригациялық жүйелер салу, және экологиялық мамандар даярлау қажеттігін алға тартты.

Конференция соңында қатысушылар су қауіпсіздігі саласында өңірлік келісімдерді нығайту, ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық технологияларды енгізу бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға келісті.

Іс-шараға Түркия, Израиль, АҚШ, Венгрия, Корея Республикасы, Ауғанстан және басқа да елдердің елшіліктері, Халықаралық Аралды Құтқару Қоры, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасы және салалық мекемелердің өкілдері қатысты.