«Байтақ» партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхановты еске түсіріп, рухына тағзым етті

Наурыз 5, 2023

Бүгін Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханның туған күні. Осы датаға орай, «Байтақ» жасылдар партиясының басшылығы мен саяси құрылым өкілдері «Алаш» қозғалысы көшбасшыларына арналған ескерткіш маңына жиналып, тарихи тұлғалардың рухына тағзым етті.
Елордада өткен іс-шараға қаладағы қоғамдық қорлардың бірі мұрындық болды. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы сынды ұлтымыздың ұлы тұлғаларына арналған ескерткіш 2021 жылы жазда ашылған болатын.
Айта кетейік, «Байтақ» партиясының республкалық және өңірлік штабтары кестеге сай жұмыс істеп жатыр. Халықпен кездесулерде сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары кеңінен түсіндіріліп, қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілуде.

«Үгіт-насихат әр аймақта, әр өңірде халықпен кездесіп жұмыстар жүріп жатыр. Осындай қыруар жұмыстардың аясында біз арнайы алаштықтарға тағзым етіп келіп отырмыз. Оларға тағзым жасау – тарихқа тағзым жасау», – деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Амиртаев.