«БЕКІТІЛГЕН» Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының III Съезінің қаулысымен 2023 жылғы 23 шілде
- Жалпы ережелер
1. Осы Этикалық кодекс (бұдан әрі – Кодекс) «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігінің (бұдан әрі – Партия) мүшелерінің мінез-құлық қағидаттарын, нормалары мен стандарттарын белгілейді және Партия қызметінде адалдықты, ашықтықты, әділдікті және жауапкершілікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Партия «Таза ауа, Таза су, Таза жер – Таза адамгершілік қатынастар!» ұранын ұстана отырып, өсімдіктер мен жануарлар әлемін қорғау, биологиялық әртүрлілікті сақтау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану жөніндегі әлемдік қағидаттарды енгізу мақсаттарын көздейді. Партия табиғатты сақтайтын, инновациялық технологияларды енгізуді, қоршаған ортаны қорғау саласын цифрландыруды және табиғатты қорғау санасын балалық шақтан бастап тәрбиелеуді қолдайды.
2. Этикалық кодекстің мақсаты – қоғамның Партияға деген сенімін нығайту, саяси этика мәдениетін қалыптастыру және қызметтік өкілеттікті теріс пайдаланудың алдын алу.
3. Этикалық кодекстің күші Партияның барлық мүшелеріне, оның басшылық органдарына, партия құрылымдарының қызметкерлеріне және билік органдарындағы өкілдеріне таралады.
- Негізгі қағидаттар
Заңдылық және құқықтық тәртіп – әрбір Партия мүшесі Конституцияны, заңдарды және өзге де нормативтік актілерді қатаң сақтауға міндетті.
Әрбір Партия мүшесі өз күнделікті еңбегімен экономикалық тұрғыдан мықты, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және демократиялық мемлекет құруға, қоғамдық-саяси тұрақтылықты, ұлттық бірлікті және қоғамдағы келісімді нығайтуға ұмтылуы тиіс.
Адалдық және ашықтық – Партия қызметі шынайылыққа, айқындыққа және адалдыққа негізделеді. Халық алдындағы жауапкершілік – Партия азаматтардың мүддесіне қызмет етеді, жеке немесе корпоративтік мүдделерге емес. Әділдік және теңдік – Партияның барлық мүшелері құқықтары мен міндеттері бойынша тең. Толеранттылық және құрмет – әртүрлі көзқарастарға, ұлттарға, мәдениеттер мен діндерге құрметпен қарау. Ұжымшылдық және ынтымақ – Партия мүшелері бір-бірін қолдайды, бірлік пен ортақ мүдде жолында әрекет етеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттылық – кез келген сыбайлас жемқорлық, парақорлық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану немесе туыстық ықпалшылдықтың барлық түріне үзілді-кесілді қарсы тұру.
- Экологиялық этика қағидаттары
Табиғат алдындағы жауапкершілік.
Әрбір Партия мүшесі болашақ ұрпақ мүддесінде табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру міндетін сезінеді.
Экологиялық әділеттілік.
Партия экологиялық теңсіздікке қарсы, мұнда жекелеген аймақтар мен қауымдастықтар ластану мен экожүйелердің бұзылуынан зардап шегеді.
Табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану.
Партия мүшелері суды, энергияны және басқа ресурстарды үнемдеуге, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға міндеттенеді.
Биологиялық алуан түрлілік және тірі әлемді қорғау.
Партия әрбір тіршілік түрінің құндылығын мойындайды және экожүйелерді, флора мен фаунаны сақтауды жақтайды.
Жасыл экономика.
Қоршаған ортаны қорғау мен дамуды үйлестіретін тұрақты экономикалық модельдерге көшуге қолдау көрсету.
Экологиялық тәрбие және мәдениет.
Партия мүшелері экологиялық білім беру идеяларын ілгерілетуге, балалар мен жастардың табиғатқа ұқыпты қарау көзқарасын қалыптастыруға міндетті.
Климаттық жауапкершілік.
Партия климаттың ғаламдық өзгерістерінің сипатын мойындайды және оларды жеңілдету бойынша халықаралық ынтымақтастықты жақтайды.
- Партия мүшелерінің этикалық мінез-құлық нормалары
Партия мүшелері азаматтық жауапкершілік пен адалдықтың үлгісі болуы тиіс. Жеке және партиялық мүдделер арасында қайшылық туындауына жол бермеу қажет. Жалған ақпарат, өсек және жала таратуға болмайды.
Рұқсат етілмеген, соның ішінде жасырын бейнежазбалар мен аудиожазбалар жасауға және оларды бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде немесе басқа да кез келген тәсілмен таратуға жол берілмейді.
Партия мүшелері мұндай әрекеттер мен құқықбұзушылықтар Партияның жалпы оң имиджіне нұқсан келтіретінін және бұл жағдайлар Партиядан шығару мен материалдарды құқық қорғау органдарына беріп, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға дейінгі қатаң тәртіптік шаралар қолдануға негіз бола алатынын түсінуі тиіс.
Қоғам алдында сөйлеген сөздерінде және әлеуметтік желілерде қарым-қатынас мәдениетін сақтау қажет.
Партиялық мәртебені жеке пайда табу немесе қысым көрсету мақсатында пайдалануға болмайды.
Партияның Жарғысын, Бағдарламасын және Партия қызметін реттейтін басқа да құжаттардың талаптарын сақтау қажет.
Адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, оларды бұзумен байланысты әрекеттерге жол бермеу қажет.
Өз елінің патриоты болып, оның мүдделерін барынша қорғау және Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін құрметтеу керек.
Қазақстан халқының бірлігін және ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал ету қажет.
Шығу тегі, әлеуметтік жағдайы, жынысы, нәсілі, ұлты, тілі, дінге қатысы айырмашылығына қарамастан, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу керек.
Мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға, ұлттық мәдениетті, тілдерді және Қазақстан халқының өзіндік ерекшелігін дамытуға үлес қосу қажет.
Партияның беделін арттыруға, оны құрметтен айыратын әрекеттерге жол бермеуге міндетті.
Партиялық тәртіпті сақтау, партиялық этика нормаларын бұзбау қажет.
Партияның жарғылық және бағдарламалық мақсаттарын, сондай-ақ сайлауалды бағдарламаларын түсіндіру және оларды қорғау қажет.
Партиялық органдардың шешімдерін орындау міндетті. Мемлекеттік қызметте тұрған партия мүшелері өздерінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде Партия мен оның органдарының шешімдерімен байланыстырылмайды.
Партия қызметіне жеке қатысу, іс-әрекеттері және қылықтары арқылы партияға тиесілі екенін дәлелдеу, оның беделі мен ықпалын халық арасында арттыруға ұмтылу қажет.
Партиялық мүшелік жарналарды уақытылы төлеу, Партияның нышандарына, сондай-ақ партиялық құжаттарға ұқыпты қарау және олардың сақталуын қамтамасыз ету қажет.
Партиялық жиналыстарға тұрақты түрде қатысу қажет.
Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарға немесе сыбайлас жемқорлыққа байланысты не оған жағдай жасайтын іс-әрекеттерге жол бермеу, сондай-ақ оның көріністеріне қарсы тұру қажет.
Әрбір Партия мүшесі сыбайлас жемқорлық, кемсіту немесе Кодекс ережелерін бұзу фактілеріне әрекет етуге міндетті.
- Партия басшыларының этикалық мінез-құлығы
Партия басшылары өз әрекеттері мен шешімдері үшін ерекше моральдық жауапкершілік көтереді.
Олар Партияның жалпы мүддесі үшін әрекет етуге, фаворитизмге жол бермеуге, ашықтықты қамтамасыз етуге және ашық әрі адал диалогты қолдауға міндетті.
Басшы өз мінез-құлқымен, заң мен адамдарға деген құрметімен үлгі болуы тиіс.
- Қоғам және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қатынастар
Партия қоғаммен өз қатынастарын шындық, ашықтық және құрмет қағидаттарына негіздеуге міндетті.
Партия өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарын манипуляция жасау, деректерді бұрмалау немесе қарсыластардың абыройын түсіру мақсатында пайдаланбауы тиіс.
Барлық көпшілік алдында жасалатын мәлімдемелер Партияның ресми ұстанымына сәйкес келуі және қоғамдық мораль нормаларын бұзбауы қажет.
- Жол берілмейтін әрекеттер
Сыбайлас жемқорлықтың, парақорлықтың, алаяқтықтың кез келген көріністері.
Партия ресурстарын жеке немесе коммерциялық мақсаттарда пайдалану.
Қорлау, кемсіту, жала жабу, қорқыту немесе адамдарға қысым көрсету.
Зорлық-зомбылыққа, экстремизмге, ұлтаралық, әлеуметтік немесе діни араздықты қоздыруға шақыру.
Партияның беделін көпшілік алдында түсіру немесе оның мүшелерін қорлау.
- Кодекс ережелерін бұзғаны үшін жауапкершілік
Бұзушылықтар Партияның Этикалық комиссиясында қаралады.
Қарау нәтижелері бойынша шаралар қолданылуы мүмкін: ескерту, лауазымынан босату, Партиядан шығару, материалдарды құқық қорғау органдарына беру.
Этикалық комиссияның шешімдеріне сот тәртібімен шағым жасауға болады.
- Партияның Этикалық комиссиясы және Партия филиалындағы этика жөніндегі уәкіл
Партияның Этикалық комиссиясы тәуелсіз орган болып табылады, Этикалық комиссия мүшелерін Партияның Саяси кеңесінің Бюросы тағайындайды. Мүшелердің жалпы саны тақ болуы тиіс. Комиссия төрағасы тағайындалған мүшелердің арасынан қарапайым көпшілік дауыспен сайланады.
Этикалық комиссия Партия мүшелері мен филиал басшыларының моральдық-адамгершілік мінез-құлқына қатысты шағымдарды, дауларды және мәселелерді қарастырады. Этикалық комиссия шешімдерді қарапайым көпшілік дауыспен қабылдайды. Егер дауыстар тең бөлінсе, Этикалық комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданған болып есептеледі.
Этикалық комиссияның отырыстары ашық түрде және тараптардың қатысуымен өткізіледі. Қажет болған жағдайда Этикалық комиссияның отырысын онлайн форматта өткізуге рұқсат етіледі.
Партияның облыстық, аудандық және республикалық маңызы бар қалалардағы филиалдарының этика жөніндегі уәкілінің функциялары жалпы мойындауға ие болған және құрметке ие Партия мүшесіне жүктеледі. Филиалдағы этика жөніндегі уәкіл Партия мүшелерінің этика нормаларын сақтауын бақылау мен мониторинг жүргізеді.
Партия филиалдарында этика жөніндегі уәкіл Этикалық кодекстің бұзылу фактілерін жан-жақты және объективті қарағаннан кейін, тәртіптік жаза шарасын анықтау үшін барлық материалдарды Этикалық комиссияға жолдайды.
Өз қызметінің нәтижелері бойынша филиалдағы этика жөніндегі уәкіл Этикалық комиссияға тоқсан сайын есеп береді. Есептердің нысаны мен ұсыну тәртібі Этикалық комиссиямен бекітіледі.
- Қорытынды ережелер
Кодекс Партияның Съезімен бекітіледі және Партияның барлық мүшелері үшін міндетті болып табылады.
Партияға кірген әрбір адам Этикалық кодекспен танысқанын және оны сақтауға келісетінін растайды.
Партияға кірген әрбір адам құпия ақпаратты жария етпеу туралы келісімге қол қояды.
Этикалық кодекске өзгерістер Партия Съезінің шешімімен енгізіледі.