Партия төрағасы іссапарын Ұлытау ауданының Сарысу ауылынан бастады. Бұған дейін “Байтақ” партиясының Ұлытау облыстық филиалында облыстық мәслихат депутатының қабылдауына келген Айткамал Қожырбаев сарысулық тұрғындардың өтінішін жеткізген болатын.
Ауыл клубында өткен кездесуде сөз алған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Жамсап Әшенов сайлау өткеннен кейін бірінші болып, Сарысу ауылына ат басын бұрған Азаматхан Сайлауұлына тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.
“Байтақ” партиясының табиғатты қорғау, таза ауа, су сапасы, экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы бастамаларын қолдаймыз деген еңбек ардагері ауыл тұрғындарын толғантқан мәселелерді ортаға салды: – жыл сайын Сарысу өзенінің суы азайып бара жатқаны; – мал басы көбейген сайын өзен суының тазалығы нашарлауы; – суды заңсыз бөгеуге жол бермеу жайлы басталған әңгімені Мейірбек Бұзауов, Айткамал Қожырбаев жалғап, ұсыныстарын жеткізді.
Сарысу ауылының әкімі Сәтжан Құрманбаев өз тарапынан ауылды дамытуға бағытталған игі істер жайлы айта келіп, тұрғындар көтеріп отырған мәселелердің өзектілігіне тоқталды. Партия төрағасы Азаматхан Амиртаев ауыл ағалары айтқан үш мәселе бойынша алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаратындығын, өзен суын бөгеп отырғандарды анықтау мақсатында ауыл тұрғындарымен бірге тамыз айында экспедиция ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін жеткізді.