Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы атынан «Қытай – Орталық Азия» саяси партиялар диалогының ІІ отырысына шақырғандарыңыз үшін шынайы алғыс білдіремін.
Бүкіл өңірдің болашағына әсер ететін идеялар талқыланатын осындай маңызды алаңның бір бөлігі болу – біз үшін үлкен мәртебе.
Менің бүгінгі сөзімнің негізгі бөлігі Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа арналмақ. Бұл бағыт жалғыз мысал болғандықтан емес, қайта осы екі ел тәжірибесінде ортақ экологиялық мақсаттардың бүкіл Орталық Азияны біріктіре алатыны айқын көрінеді.
Биыл біздің астанамызда Қытайдың Цинхай провинциясының жетістіктеріне арналған көрме өтті.
Бұл өңірдің шөлейттенуге қарсы күрестегі табыстары, жасыл экономикаға көшу және табиғи экожүйелерді сақтап қалу тәжірибесі мені терең әсерге бөледі.
Хуанхэ — Қытайдың «ана өзені» — өз бастауын дәл осы Цинхайдан алады.
Қытай халқы бұл өзенге тек су көзі ретінде емес, өмірдің, рухани тамырдың және ұлттық бірліктің нышаны ретінде қарайды.
Қазақстан аумағынан екі маңызды трансшекаралық өзен – Ертіс пен Іле ағып өтеді.
Бұл өзендердің сулары біздің елдеріміздің жерін бойлай ағып, халықтардың, өңірлер мен мәдениеттердің тағдырын біріктіреді. Су – бізді бөлетін емес, біріктіретін құндылық екенін еске салады.
Ертіс – Қазақстан халқының үштен бірі үшін өмір өзегі.
Ал Іле өзені Балқаш көліне құяды. Дәл осы өңірде еліміздегі алғашқы атом электр станциясының құрылысы жоспарланған. Бұл өзендердің стратегиялық маңызы зор екенін және су ресурстарын бірлесіп, жауапкершілікпен басқарудың қажеттілігін көрсетеді.
Бүгінгідей кезеңде ынтымақтастық бұрынғыдан да маңызды.
Трансшекаралық өзендерді бірлесіп басқару – орнықты даму мен экологиялық қауіпсіздіктің, елдер арасындағы достықтың кепілі.
«Байтақ» партиясы атынан біз келесі ынтымақтастық бағыттарын ұсынамыз:
1. Ертіс пен Іле трансшекаралық өзендері бойынша Қазақстан-Қытай бірлескен орталығын құру – сандық мониторинг, нақты уақыттағы деректер алмасу және бірлескен экологиялық зерттеулер жүргізу үшін.
2. Шығыс Қазақстан облысында пилоттық жоба іске асыру – үш жыл ішінде суармалы жүйелердегі су шығынын 20%-ға дейін азайту, тұрақты су ағымын қамтамасыз ету және су үнемдеу технологияларын енгізу мақсатында.
3. Білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту – жыл сайын мамандар алмасу, бірлескен бағдарламалар мен тағылымдамалар ұйымдастыру.
4. Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Қытайдың Су ресурстары институты арасында байланыс орнатып, су үнемдеу, ирригация, мелиорация және Балқаш көлін сақтау саласында тәжірибе алмасу.
5. Қалдықтарды өңдеу, шөлейттенуге қарсы күрес, топырақтың тозуы және көгалдандыру бағытында – Қытайдың мойындалған табыстарын ескере отырып, жасыл технологиялар саласындағы серіктестікті кеңейту.
Біздің партия экологиялық басқаруды дамыту ісіне өз үлесін қосып келеді.
«Байтақтың» бастамасымен 2023 жылы Қазақстанда алғаш рет Су ресурстары министрлігі жеке мемлекеттік орган ретінде құрылды.
Қазір Үкімет су ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын әзірлеу үстінде. Ол жерүсті және жерасты суларын жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып біріктіреді.
Елімізде ғылыми-техникалық әлеует жоғары.
Аға буын мамандар су шаруашылығында мол тәжірибе жинаған, ал жас буын су дипломатиясы мен экологиялық менеджмент қағидаттарын белсенді меңгеріп келеді.
Біз экология және су үнемдеу саласындағы бірлескен білім беру мен пилоттық жобалар тек практикалық нәтиже беріп қана қоймай, өзара сенім мен орнықты дамудың символына айналады деп сенеміз.
Бұл бүкіл өңірге күшті белгі болмақ: Қазақстан мен Қытай бірге Еуразия кеңістігінде орнықты дамудың жасыл белдеуін қалыптастырып жатыр.
Әрине, көтерілген мәселелер – кең экологиялық күн тәртібінің бір бөлігі ғана.
Табиғи ресурстарды тиімді басқару жүйелі көзқарасты, тұрақты диалог пен күштердің бірігуін қажет етеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына сөздерін еске сала кеткім келеді:
«Қоршаған ортаға ұқыпты, жауапты және қамқор көзқарас – ұлттық идеологиямыздың ажырамас бөлігі болуы тиіс».
Бұл ой елімізде жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» ұлттық идеясында өз көрінісін тапқан – бұл тазалыққа, жауапкершілікке және экологиялық жаңғыруға бағытталған қозғалыс.
Бұл идея өзінің мазмұны жағынан Қытайдың «экологиялық өркениет» саясатына үндес келеді, онда табиғатты қорғау – қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуының жолы ретінде қарастырылады.
Осылайша, біздің елдер – Қазақстан мен Қытай – экологияны сенімнің, бейбітшіліктің және ынтымақтастықтың негізіне айналдырған жасампаз жолмен бірге алға басуда.
Осындай бастамалар арқылы біз «Адамзаттың ортақ тағдыры қауымдастығы» идеясын нақты іске асырып келеміз, мұнда әр халық Жер планетасының ортақ болашағына өз үлесін қосады.
«Байтақ» жасылдар партиясы бұл идеяны толық қолдайды.
Біз экология, су және жасыл технологиялар саласындағы серіктестік – тек практикалық қажеттілік емес, табиғатпен үндестік пен келешек ұрпақ игілігі үшін жаңа даму философиясы деп сенеміз.
Сонымен қатар, бізге ерекше әсер қалдырған мазмұнды мәдени бағдарлама үшін ризашылық білдіреміз — онда Қытай халқының рухы мен даналығы айқын сезілді. Қазақстанға оралған соң көргендерімізбен қуана бөлісетін боламыз.
Кеше Конфуцийдің туған жері – Нишан қасиетті орнында біз тіпті қытай иероглифтерін жазып көруге мүмкіндік алдық.
Өз сөзімді сол жерде қағазға түскен Конфуцийдің мына даналық сөзімен аяқтағым келеді:
«Ізгілік жалғыз болмайды — оның әрдайым көршілері бар.»
Дэ бу ку. Би ё лин.
Бұл сөздер бізге шынайы құндылықтар – мейірім, құрмет және ынтымақ – өзара тартылысқа ие екенін еске салады. Олар судың екі жағаны қосқаны сияқты, адамдарды да біріктіреді.
Назарларыңызға рахмет!