«Байтақ» жасылдар партиясының Финляндияға жасаған сапары Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимовпен кездесуден басталды. Алғашқы жүздесуден-ақ елшінің тәжірибесі мол, білікті маман, елдің саяси-экономикалық қарым-қатынасына терең бойлай білетін дипломат екенін айқын аңғардық.
Кездесу барысында Қазақстан мен Финляндия арасындағы саяси және экономикалық байланыстардың қазіргі деңгейі талқыланды. Сонымен қатар, жуырда БҰҰ конференциясында Қазақстан Президентінің Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездескені атап өтілді. Келер жылы Финляндия Президентінің Қазақстанға ресми сапары жоспарланып отыр. Елші Азамат Әбдіраимовтың айтуынша, қазіргі уақытта елшілік осы маңызды сапарға дайындық үстінде.
Финляндия – саяси тұрақтылығы орныққан, әлеуметтік тұрғыда дамыған, халқының әл-ауқаты жоғары мемлекет. Алдағы кезеңде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілетініне сеніміміз мол.
Қазақстан үшін Финляндияның табиғат тепе-теңдігін сақтау, орманды қорғау және ағаш отырғызу тәжірибесі, су ресурстарын тиімді пайдалану, сондай-ақ атом электр станцияларын қауіпсіз басқару тәжірибесі үлкен маңызға ие. Бұл бағыттарда екіжақты байланыстарды дамыту біздің партия үшін де басымдық болып табылады.