2025 жылғы 11 сәуірде, Ғылым қызметкерлері күніне орай, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының ауласында ел тарихында ерекше орын алатын айтулы шара өтті – «Сәтбаев сакуралары» қайта жаңғырып, жапон сакурасының екі жаңа көшеті отырғызылды.
Бұл тарихи әрі символикалық акция «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаевтың бастамасымен, партияның қолдауымен және Жастар қанатының белсенді атсалысуымен жүзеге асты. Шара экология мен ғылымның өзара сабақтастығын, табиғат пен руханият үндестігін дәріптейтін жаңа дәстүрдің бастауы ретінде қабылданды.
Салтанатты іс-шараға: ҚР ҰҒА президенті, академик Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан, Жапония делегациясы, Экобелсенді жастар мен қала тұрғындары, «Байтақ» партиясының белсенді мүшелері, соның ішінде Сабрайым Жеңісбек және де шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған «Байтақ» партиясының Жастар қанатының жетекшісі Елдос Айбеков қатысты.
Академик Ақылбек Күрішбаев өз сөзінде: «Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының негізін қалаған дара тұлға. Бұл – жай ғана ағаш емес, бұл – ұлы ғалымның рухына тағзым. Ғылым мен табиғат үйлесім тапқанда – өркениет те алға жылжиды», – деп атап өтті.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан: «Бұл – ұлт рухын оятатын, келешекке бағыт беретін бастама. Осындай символикалық іс-шаралар – жастарды елге, ғылымға қызмет етуге жетелейді», – деді.
«Байтақ» партиясының Жастар қанатының жетекшісі Елдос Айбеков: «Біз бұл ағашты болашаққа үміт, ғылымға құрмет, ұлт рухына тағзым ретінде отырғыздық. Сәтбаевтың есімі – жас ғалымдарға бағыт болса, сакура – табиғаттың, нәзіктіктің, өмірдің символы. Осы екеуін тоғыстыра отырып, жас ұрпаққа жасыл мұра қалдыруды көздедік», – деп өз ойымен бөлісті.
Іс-шараның халықаралық мәнге ие болғанын Жапониядан арнайы келген тарихшы, зерттеуші Юта Аокидің қатысуы айқын көрсетті. Юта Аоки — Қазақстандағы жапон әскери тұтқындарының тарихына арналған ғылыми диссертация жазып жүрген жас ғалым. Ол сакура отырғызу рәсіміне қатысқаннан кейін: «Маған бұл шараға қатысу үлкен құрмет. Сакура отырғызу – тек экологиялық емес, тарихи маңызы бар ерекше рәсім. Мен үшін бұл – үлкен қуаныш, зор алғыс білдіремін», – деп өз әсерімен бөлісті. Оның келуі – аталмыш акцияның халықаралық ғылыми-мәдени деңгейде өткенін білдіреді.
Сакура – бұл тек табиғат көркі емес, ғылым мен руханияттың символы. Осыдан тура 60 жыл бұрын жапон халқының атынан Қаныш Сәтбаевқа деген құрмет белгісі ретінде отырғызылған алғашқы сакуралар ғылым мен достықтың мәңгілік дәнекері болған еді. Енді міне, сол дәстүр қайта жанданып, жаңаша серпінмен жалғасын табуда.
«Байтақ» жасылдар партиясы бұл бастамасы арқылы экологияны қорғау, тарихи жадыны сақтау және жас ұрпақты табиғатпен үйлесімде өмір сүруге тәрбиелеу идеясын ілгерілетіп отыр. Бұл – жай ғана көшет емес, табиғатқа тағзым, ғылымға құрмет, ұрпаққа аманат.